Жапон дәрігері Шигеаки Хинохара 105 жыл бақытты ғұмыр кешіп, 2017 жылдың 18 шілдесінде өмірден өтті. Соңғы демі үзілгенше ол Токиодағы Қасиетті Лука ауруханасын басқарып, науқастарды қабылдаған…
Осы ерекше тұлғаның өзі сияқты ұзақ та бақытты өмір сүргісі келетіндерге арналған ақыл-кеңестері шексіз мейірім мен махаббатқа толы. Оқыңыз да үйреніңіз!
* Ойна да күл!
Қуаныш сезімі ұйқы мен тамақтан әлдеқайда пайдалы. Адам қуатты тамақ пен ұйқыдан емес, ойнап-күлу арқылы алады. Есіңде ме, бала күнімізде егер көңілді ойнап жүрсек, біз тамақты да, ұйқыны да ұмытып кетуші едік қой? Ересек кезімізде де өзгерген ештеңе жоқ. Өз тәніңді қатаң тамақтану мен ұйықтау тәртібіне бағындырып, қинама.
* Дұрыс тамақтан!
Таңертең бір кесе кофе, сүт немесе зәйтүн майы қосылған апельсин шырыны — таңғы асқа осы да жеткілікті. Түстік асты ішпей-ақ қоюға да болады немесе өз аз мөлшерде ішу керек. Егер іспен айналысып жатсаң, тамақтың қажеті де жоқ. Кешкі асқа – көкөніс, күріш пен балық. Етті пайдалануды шектеу керек, аптасына екі рет 100 граммнан жесең де жеткілікті.
* Алдын-ала жоспарла!
Қойындәптеріңді болашаққа арналған жоспарлармен толтыр. Кез-келген ой іске асады, әрі болашақ туралы ойлап тұрғанда өткенге қарайлауға және қиындықтарға алаңдауға уақыт жоқ.
* Білім тарат!
Шигеаки Хинохара жылына ең кемі 150 лекция оқыған. Әр лекцияның ұзақтығы — бір жарым сағаттан, осынша уақыт ол тұрып оқыған.
* Дәрігерлер бәрін емдей алмайды!
Егер дәрігер қандай да бір талдама не ота жасауды ұсынса, одан: «дәл осыны өз балаларыңызға не жарыңызға, болмаса басқа туыстарыңызға жасар ма едіңіз?» деп сұра. Егер дәрігер емдей алмаса, науқасты артық қинаудың қажеті жоқ. Кейде тәжірибелі дәрігерге қарағанда сүйікті әуенің немесе жануарлар жақсырақ көмектеседі.
* Өзіңді аяма!
Дене шынықтырумен спортзалда айналысу міндетті емес. Жаяу серуендеу, велосипед айдау, жеделсатының орнына баспалдақты пайдалану — түк жоқтан гөрі әлдеқайда жақсы. Диван — ең қауіпті жау, демалысты белсенді өткізу керек.
* Оқы!
Өзіңе шабыт беретін кітапты тап. Ол өмірлік мақсатыңды айқындауға көмектесетін болсын. Өнерде де, өмірде де алға үлкен мақсаттар қоя білу керек. Егер бір шеңбер сызғың келсе, ол өміріңнің соңына дейін бітіре алмайтындай үлкен болсын. Бізге осы шеңбердің бір бөлігі ғана көрініп тұр, ал қалғаны біздің көзіміз бен өмірімізден тыс жатыр.
* Ауру — үкім емес!
Заманауи ауруханаларда әуен, би, жануарлар – бір сөзбен, қуаныш көп болуы керек. Көркем терапия дәріге қарағанда әлдеқайда жақсы көмектеседі. Бар назарыңды аурудан басқа бір қызықты нәрсеге аудар, сонда оны ұмытып та кетесің.
* Құндылықтарыңды қайта бағала!
Материалдық байлықтың соңынан қуып жүріп, адам ең басты нәрсені — махаббат, қамқорлық пен қайырымдылықты ұмытып кетеді. Есіңде болсын: соңғы сағатының қашан соғатынын ешкім білмейді. Бәрін өзіңмен бірге алып кете алмайсың.
* Ғылым мен өнер
Ғылыми формулалармен және тым ақылды сөз тіркестерімен адамға көмектесе алмайсың. Кез-келген дерт адамның жанымен тығыз байланысты. Адамдар әртүрлі, сондықтан олардың емдеу тәсілі де әртүрлі болуы керек.
* Кездейсоқтықтарға дайын бол!
Біздің денеміз адам сенгісіз нәрселерді жасауға қабілетті. Мен күтпеген жерден лаңкестердің тұтқынына түсіп, 4 күн 40 градус ыстықта қолымдағы кісенмен орындыққа таңулы болдым. Тек өз тәніме деген махаббат пен құрметімнің арқасында ғана барлық ауыр азаптардан аман қалдым.
* Өзіңе ұстаз тап!
Бріеді үлгі тұтып, еліктеуде тұрған ұят ештеңе жоқ. Еліктеп қана қоймай, одан асып түсуге бар күшіңді сал. Менің алғашқы пір тұтқан адамым – әкем болды, кейін әртүрлі ұлы тұлғаларға еліктедім. Мен қиын жағдайларға тап болған кезде «олар менің орнымда болса, не істер еді?» деп сұраққа жауап беру арқылы жол табамын.
* Ұзақ өмір сүру – керемет!
Әр минут, әр сәт сайын өмірден ләззат ал. Жаңа күнің алдыңғы күніңнен де ғажап болсын. Басқаларды да ұмытпа, 60 жастан кейің мүмкіндігіңе қарай бәріне көмектес. Ақысына ештеңе сұрама. Тірі жүргеніңнің өзін ең үлкен сый деп біл.